Қазақстанда қылмыс 35%-ға қысқарды

2020 жылдың 8 айында қылмыстық құқықбұзушылық 35 пайызға қысқарды. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауына байланысты заңнамаға енгізілген толықтырулар елдегі құқықтық тәртіпті одан ары нығайтуға, қылмыстық ахуалды төмендетуге септігін тигізіп, соның нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелетін саны қысқарған.
Осы жылдың 8 айында өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық құқықбұзушылық 35 пайызға аз жасалса, ұрлық саны 52, тонау 50, бұзақылық 46 пайызға төмендеді. Ал жыныстық зорлықпен байланысты қылмыстар үштен бірге қысқарған.