Арман Хайруллин Құрылтайға депутат бола ма?
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында Атырау облысынан белгілі эколог Арман Хайруллиннен бөлек тағы кімдер депутаттыққа ұсынылмақ? Партиялар жариялаған кандидаттар тізімінде өңірден бірқатар танымал азаматтың есімі бар.
Алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өз кандидаттарының тізімін жариялады. Сол тізімдерге қарағанда, Атырау облысынан бірнеше азамат депутаттыққа үміткер ретінде ұсынылған.
Ең көп кандидат ұсынған партиялардың бірі – «Әділет» партиясы. Оның тізімінде Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Эльдар Жұмағазиев бар. Сонымен қатар өңірден облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев, белгілі эколог әрі облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин, облыстық онкологиялық диспансер директоры, депутат Эльмира Сапарова және «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Абылай Құрметұлы ұсынылған.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облысынан үш кандидатты тізімге енгізген. Олар – партия төрағасының орынбасары Серік Ерубаев, партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермекқали Юсупов және Encos Group компаниясының директоры Әлім Мендыханов.
Айта кетейік, Серік Ерубаев бұған дейін бірнеше шақырылым бойы Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Сондықтан оның партияның орталық аппараты атынан ұсынылуы мүмкін деген пікірлер де айтылуда.
Ал «Байтақ» жасылдар партиясының тізіміне облыстық мәслихат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Бақыт Каметов енген.
Атыраулық кандидаттардың қатарында өз партияларының өңірлік филиалдарын басқарып отырған азаматтар да бар. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Нұртас Байжанов және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) облыстық филиалының басшысы Нұрайнаш Камалова Құрылтай депутаттығына үміткер ретінде көрсетілген.
Қазақстанның Халық партиясынан Атырау облыстық филиалының төрайымы, бұрын облыстық антимонополиялық ведомствоны басқарған Балжан Досмұхамбетова ұсынылған.
Ал жаңа саяси күштердің бірі саналатын Respublica партиясы Атырау облысынан екі кандидатты ұсынды. Олар – тележурналист, REWOMEN әйелдер қауымдастығының облыстық филиалының жетекшісі Гүлназ Каримжан және партияның облыстық филиалының басшысы Ғалымжан Өтебаев.
Айта кетейік, аталған азаматтар партиялар ұсынған кандидаттар тізімінде бар. Алайда Атырау облысынан Құрылтайға нақты кімдердің депутат болып сайланатыны тек сайлау қорытындысы шығарылып, партияларға бөлінетін мандаттар анықталғаннан кейін ғана белгілі болады.






