Қайыршақты ауылдық округінің 93 көшесіне жарық жүргізіледі

Келесі жылы Қайыршақты ауылдық округінің 93 көшесіне жарық жүргізіледі, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

Алдымен аймақ басшысы округте жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бүгінде Қайыршақты ауылдық округіндегі 1400-ден астам апатты бағандарды ауыстыру мәселесі өзекті. Серік Шәпкенов бұл бағандар келесі жылы ауыстырылатынын айтты. Сонымен қатар мұнда 93 көшеге жарық жүргізу жұмыстары да басталып, қаланың 90%-ға жуық көшесі түнгі жарықпен қамтылатынын айтты.

— Қазіргі уақытта округтегі 37 көшеде (29 838 м) жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасының 5 кезеңі аяқталды. Ал 6 кезеңі бойынша қалада барлығы 421 көшеге, оның ішінде округтегі 93 көшеге (70 748 м) жарық жүргізу жоспарланды. Құрылыс кезінде жаңа бағандар қойылады. Жоспарланған жарықтандыру жұмыстары толық іске асқан кезде қаланың 90%-ға жуығы көше жарығымен қамтылады,-деді С.Шәпкенов.

Жиында облыс әкімі Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындарын толғандырған мәселені тыңдады. Азаматтар жол салу, көше жарығын жүргізу, тұрғын үймен қамту, жер беру сынды өзге де мәселелерді көтерді. Облыс әкімі тұрғындар көтерген сауалдар өзектілігіне қарай Заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Кейін аймақ басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, қажетті кеңес берді.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Қайыршақты ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуі қала әкімдігінің Instagram, Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Анықтама үшін: Қайыршақты ауылдық округінде 28 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда емхана, дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша сынды өзге де әлеуметтік нысандар бар.