BatysInfo, 11 шілде. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинақтары бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастау нормасы қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның түсіндіруінше, мемлекеттік кепілдік институты кезінде азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқаруға және инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндігі болмағандықтан, соның өтемі ретінде енгізілген болатын. Ол уақытта инвестициялық саясатты мемлекет белгілеп, салымшылардың құқығын шектегендіктен, инфляция деңгейі мен нақты кірістілік арасындағы айырмашылықты өтеу міндетін өз мойнына алған.
«Қазіргі таңда салымшылардың басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны дербес таңдау құқығы кеңейді. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдіктің алғашқы құқықтық және экономикалық логикасы өз мәнін жоғалтты. Салымшы басқарушыны өзі таңдаған кезде күтілетін кірістілікті, тәуекелдерді бағалай отырып, инвестициялық шешімді өз қалауы бойынша қабылдайды. Мұндай жағдайда салымшының өз шешімі бойынша инвестициялық нәтижені өтеу міндетін мемлекетке жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ бөлу принциптеріне қайшы келеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Негізгі өзгерістер мен бақылау шаралары:
Тұрақты төлемдерге әсер етпейді: Мемлекеттік кепілдікті төлеу біржолғы өтемақы сипатына ие болғандықтан, ол ұзақ мерзімді перспективадағы тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейді.
Мемлекет бақылаудан бас тартпайды: Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуден бас тартуын білдірмейді.
Көпдеңгейлі бақылау: Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыша мемлекеттің қатаң көпдеңгейлі бақылауында қалады.
Министрлік бұл кепілдіктің сақталуы болашақта азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз етуде шешуші фактор емес екенін атап өтті.






