Жолдағы белгілер мен таңбалар стандартқа сәйкес келмейді
Қайта жаңғыртудан өткен тасжолдардың сапасы тексерілуде. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйене отырып хабарлайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқан республикалық маңызы бар Ақтөбе–Атырау–Астрахан автомобиль жолын жөндеу жұмыстары аяқталуына байланысты Атырау облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «Қазавтожол» УК АҚ» және «КАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиальның қызметкерлерімен бірлескен түрде автомобиль жолын тапсыру алдында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, тасжол бойында бірқатар ақау анықталған. Атап айтқанда, жол белгілерінің және жол таңбаларының стандарт талаптарына сәйкес келмейтіндігі. Сонымен қатар, жол бойында шұңқырлар пайда болып, техникалық реттеу құралдарының қате орналасқаны анықталды. Осы ақауларды жою үшін тапсырыс беруші мекемеге ұсыныс жолданды.