Тұрғын үй мен бизнес ғимараты пайдалануға беріледі

Махамбет ауданында 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жуырда пәтер баспана кезегінде тұрған ​ауыл тұрғындарына табысталады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Махамбет аудандық тұрғын үй, коммуналдық — шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Сапаровтың айтуынша, ауылдарда құрылыс жұмыстары пандемия кезінде тоқтаған жоқ.​

– Өткен жылы құрылысы салынып басталған 60 пәтерлік тұрғын үй көпбалалы, жетім, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апаттық жағдайда тұрған және бюджет қызметкерлеріне табысталады. Қазір үйдің құжаттары нақтылануда.​ Қазіргі уақытта аудан орталығында, Сарайшық, Ортақшыл ауылдарында электрлендіру, газ жүргізу жұмыстары басталды. Қыркүйек айында толықтай аяқталады деп күтілуде, – дейді Аслан Сапаров.
Тұрғын үйдің жартысы 2 бөлмелі, қалған жартысы 3 бөлмелі. Үй құрылысын​ «Гарант строй 2008» ЖШС мердігер компаниясы жүргізген.

Махамбет ауданындағы тағы бір маңызды нысанның бірі​ – «Бизнес инкубатор» жобасы. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында салынған ғимаратта жас кәсіпкерлер шыңдалады.
​ ​ ​
– Аудан орталығында қараусыз қалған «Нарын» базары қазір заманауи кәсіпкерлер бас қосатын орталыққа айналады деп күтілуде. Бұл жоба​ менің бірнеше жыл ойымда жүрген жоспарым еді. Қазір құжаттары реттелуде, жуырда жұмысымызды бастаймыз.
​Инкубаторда кәсіп бастаушыға арналған 24 кабинет бар. Кәсіпкер болғысы келетін адам осы орталыққа жобасын апарады. Содан кейін таңдаған кәсібімен орталықта үш жыл бойы жұмыс жасайды.​
Ал бұрыннан сұлулық, сән саласы қызметтерімен айналысатын қыз-келіншектер немесе ұсақ саудамен айналысатындар ​осы орталыққа келіп, әрі қарай жұмысын жалғастыра алады. Бір орынды жалға алу құны – 10 000 теңге.
Бір ерекшелігі осы ортаға келген адам кәсіпке жер телімін алудың жолдарын, бизнес бастаудың қыр-сырын тереңірек біліп шығады, – дейді Махамбет аудандық Туризм және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жексенбай Пазылов.​ ​ ​ ​ ​
​ Қазір​ Махамбет ауданында 1800 жеке кәсіпкер бар. Соңғы сегіз айда 200 адам өз бизнесін бастаған.