Атырауда үй салу үшін жер беріле бастады

Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі Қайнар тұрғын үй алабына инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталуына байланысты 1999–2006 жылдары аралығында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін өтініш білдірген азаматтарға кезектілігі бойынша Кеңөзек ауылдық округі, Қайнар тұрғын үй алабынан жер учаскесін бөлуді бастады, деп Өңірлік коммуникациялар қызметіне сүйене отырып БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

– Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары құқығында жер учаскесiн жеке тұрғын үй құрылысы үшін беру туралы ерікті нысандағы өтінішті сұралып отырған жер учаскесінің орналасқан жері бойынша береді. Өтініш үш жұмыс күні ішінде сұралып отырған жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға түседі. Ұсыныстарды дайындау мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері өтініш түсуіне қарай беріледі, – деді Атырау қаласының жер қатынастары сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Жұмабек Жұмағалиев.

Сондай-ақ, Жұмабек Жұмағалиев Кеңөзек ауылдық округі, Қайнар тұрғын үй алабынан 1999–2006 жылдары аралығында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін өтініш білдірген азаматтар қосымша сұрақтарымен Сәтпаев көшесі, 5-үй мекенжайында орналасқан Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне жұмыс күндері сағат 9.00–18.00 аралығында хабарласа алатынын жеткізді.

Айта кетейік, аталған ауылдық округтен тұрғын үй салу үшін 618 жер телімі бөлініп отыр.