Дүкен шатырынан секірмекші болған жасөспірім құтқарылды

Атырауда патрульдік полицей дүкен шатырынан секірмек болған баланы құтқарды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қыркүйек сағат 16:00 шамасында драма театр аумағындағы модульдық бекетте кезекшілікте тұрған патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы, полиция кіші лейтенанты Нұрбол Сайыпқа кездейсоқ өтіп бара жатқан адам жасөспірім баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын хабарлаған.
Жасөспірім Б.Момышұлы көшесіндегі №27 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің екінші қабатындағы қылтимадан төменде орналасқан дүкеннің шатырына секіріп түскен. Одан жерге секірмекші болған жасөспірімді оқиға орнына келген полиция лейтенанты тоқтатып, өзі дүкеннің шатырына көтеріліп, баланы бірге алып түскен.
Кейін белгілі болғандай, 11 жасар Диасты анасы үйде жалғыз қалдырып, пәтерді сыртынан кілттеп кеткен. Сол кезде белгісіз біреулер есікті қатты соғып, ашуды талап етеді. Содан қорыққан бала қылтима арқылы далаға шықпақшы болған.