Қағаз стақандар шығарып, Теңіз мердігері атанды

36 жастағы атыраулық Жанмұрат Алдоңғар өз ауласында шай мен кофеге арналған қағаз ыдыс (cтақан) шығарумен айналысады. Оның осы кәсіппен айналыса бастағанына 5 жыл толды. Ол өндірісін жандандыру үшін мемлекеттен грант та алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Ж.Алдоңғар ақпараттық жүйенің маманы. Алдымен жеке компьютерлік клубта, кейін 10 жылдай Теңіз кен орнында материалдармен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші болып жұмыс істеген. Жеке кәсібін ашу идеясы Теңізде жұмыс істеп жүргенде келген.

– Мен ауысымдық әдіспен жұмыс істедім. Жұмысшыларға түске дейін және түскі астан кейін шай мен кофеге 15-20 минут үзіліс беріледі. Кофе 200 миллиграммдық бір рет қолданылатын қағаз ыдыста болады (бұл ТШО талаптарының бірі, өйткені пластикалық шыныаяқтар ағзаға зиян). Олардың сыртында «Түркияда жасалған» деген жазу бар. Сонда менде «неге осындай стақандарды өз елімізде жасамасқа?» деген сұрақ туындады. Мен өндірістің осы саласын зерттей бастадым,- деді Ж.Алдоңғар.

Ол қытайлық веб-сайттардан қағаз стақан шығаратын стандартты машина сатып алса, өнім тұтынушылар үшін арзанырақ болатынын есептеген.

– Сондықтан мен Теңіздегі әлеуетті сатып алушылардан «мына арзанырақ стақандарды менен сатып аласыздар ма?» деп сұрадым. Олар келісіп, Қытайдан 200 миллиграмдық стақан шығаратын машинаға тапсырыс бердім. Қытайда саудамен айналысатындар ағылшын тілін жетік біледі. Мен олардан құрылғыны орнату және қосу туралы ағылшын тілінде кеңес алдым. Әкем жонушы болып жұмыс істеген еді. Бала кезімнен екеуміз бірге жабдықты жөндеуге барған кезде мен құрылғыларды жинап, іске қосуды үйренгенмін, — деді кәсіп иесі.

Алғашында кәсібін ауысымдық жұмыспен ұштастырған ол, кейін өз еркімен жұмыстан шығып, өндірісті ұлғайту бағытында Теңіз кенішімен тығыз жұмыс істей бастаған. Бүгінде оның ауласында арнайы салынған шеберхана бар.

– Кейін 2021 жылы мемлекеттен 4 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз грант ұтып алып, тағы екі құрылғы (біреуі 200 мл, екіншісі 250 мл) алып, қазір 3 машинамен жұмыс істеп жатырмын. Теңізге сұранысқа қарай айына бір жарым миллионға дейін стақан жіберемін. Небәрі 3 станок айына 4 миллионға дейін стақан шығара алады, — деді кәсіпкер.

Кәсіпкердің өнімі барлық талаптарға сай. Сондай-ақ, «Қазақстанда жасалған» лицензиясын алып отыр. Өндірісте 4 адам жұмыс істейді, олар әрқайсысы 8 сағаттан екі ауысыммен еңбек етеді. Бүгінгі таңда Теңіз кен орнында осы өнімді сатып алатын 4 мердігер бар, тағы бір тапсырыс беруші Батыс Қазақстандағы мұнай компаниясы.

– Мен Теңіз кен орнындағы басқа мердігерлермен тікелей сөйлесіп, оларға өз өнімдерімді ұсынамын. Олардың отандық тауарларды қолдайтыны қуантады. Ал көпшілігі қазірдің өзінде 300 мл. стақан сұрап жатыр. Жақын арада 300, 350, 450 мл. үлкен стақандар шығаратын станоктар алуды көздеп отырмын, — деп Ж.Алдоңғар өз жоспарымен бөлісті.