Аймақ басшысы параволейболдан ел құрамасын қабылдады

Кездесуде Серік Шәпкенов Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ІV пара Азия ойындарында параволейболдан күміс жүлде жеңіп алған ұлттық құраманы жеңісімен құттықтап, Атырау спортының дамуына қосқан үлесі үшін әр спортшыға Алғыс хат табыс етті.

— Аспан асты елінде өткен байрақты бәсекеде күміс жүлде иеленіп, елге абыроймен оралдыңыздар. Сіздер өткерген барлық ойынды теледидардан тамашалап, жанкүйер болдық. Финалға жолдама алған мезгілде шын көңілмен қуандық. Кездескен қарсыластарыңыз осал болмаса да, абыроймен ұттыңыздар. Тек Атыраудың емес, еліміздің атын асқақтаттыңыздар. Мұның өзі біз үшін үлкен жеңіс. Бұл сіздің күні-түні төккен теріңіз бен атқарған еңбегіңіздің ақталғаны деп білемін. Кеудеңізде «елім» деген рухтың арқасында намысты қолдан бермедіңіздер. Біз сіздермен мақтанамыз,-деді С.Шәпкенов.

Параволейболдан Қазақстан құрамасындағы 12 спортшы — атыраулық, оның 9-ы Пара Азия ойындарына қатысқан.

— Бүгінгі қабылдауыңыз үшін алғыс білдіремін. Еліміздің бізге сенген үмітін ақтап келдік деген ойдамын. Ойын жоғары деңгейде, тартысты өтті. Әр елдің спортшысы да мықты болды. Оны мойындай білу керек. Ақтық сында Иран командасына жол беріп, күміс жүлдемен оралдық. Десе де бұл біз алар белестің соңы емес, Спортшылардың қай-қайсы да мақтауға тұрарлық. Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, артқы дөңгелек солай жүреді. Алдымыздағы жеңіске жеткен ағаларымыздың артынан еріп, үлгі тұтып, солардың жолын жалғап келеміз. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенімдемін,-деді команда капитаны Бауыржан Сертаев.

Отырып ойнайтын волейболдан ел құрамасы 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы паралимпиада ойындарына жолдама ұтып алғанын айта кетейік.