Назерке – халықаралық конкурстың жүлдегері

Атыраулық суретші Назерке Болатқызы Испанияда жыл сайын ұйымдастырылатын Dali’s mustache («Далидің мұрты») халықаралық суретшілер конкурсының 1-орын иегері атанды.

Қазылар алқасы 26-35 жас аралығындағы қатысушылар ішінен 90-нан асыра ұпай жинаған жерлесіміздің еңбегін Digital painting номинациясы бойынша жоғары бағалаған.

Dali’s mustache халықаралық конкурсына әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан суретшілер қатыса алады. Сондай-ақ, олардың өз туындыларын онлайн көрмеге жариялайтын мүмкіндігі бар. Ал жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, 100 ұпайды толық жинаған гран-при иелеріне 28 сәуір – 3 мамыр аралығында Испанияда өтетін Beauty of Costa Brava халықаралық суретшілер конкурсына тікелей жолдама беріліп, қонақүйге тегін орналасу қарастырылған. Ал 90-нан жоғары ұпай жинағандарға белгілі бір пайыздық деңгейде жеңілдіктер ұсынылады.

Қатысушылар үшін конкурстың ең тиімді тұсы – сатып алғысы келген адамдарға суреттерін келісімді бағада өткізе алады.