Қадыр ауылында 25 орындық медициналық пункт салынуда
Бұл туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған медициналық нысанның құрылыс жұмысына тапсырыс беруші — облыстық Құрылыс басқармасы болса, бас мердігер мекеме — «Декор» ЖШС. Нысанның құрылысы жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталған, 2024 жылдың қаңтар айында аяқтау жоспарлануда. Бір қатарлы нысанның жалпы ауданы – 266,35 шаршы метр.
— Медициналық пунктте вакцинация, емдеу бөлмелері, мейірбике, ординатор бөлмесі, акушер кабинеті, сынама алу және зерттеу, сондай-ақ дезинфекциялық заттарды дайындауға және сақтауға арналған бөлме, дәріхана қарастырылған. Аталған бөлмелер жиһаз және құрал-жабдықтармен қамтылған,- деді Н.Құсайынов.
Сондай-ақ оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» пилоттық ұлттық жоба шеңберінде екі медициналық пункттің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Олар Құрманғазы ауданының «Алтыншы» және Шағырлы ауылдарындағы медициналық пункттер.
— Екі пункт бойынша да бас мердігер — «БатысСтройСервис» ЖШС. Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде айында басталған болатын. Екі нысан да бірдей типте салынып жатыр, ауданы 266,35 м2. Мұнда фойе, холл, егу бөлмесі, материал жинау және перфорациялық зерттеу бөлмесі, медбикелер, акушер кабинеті, дәріхана, келушілер үшін әрбірі бөлек әйелдер және ерлер ваннасы, мүгедектер арбасындағылар үшін ванна, киіну бөлмесі, дезинфекциялық заттарды дайындауға және сақтауға арналған бөлме, техникалық қызметкерлер, тазалау жабдықтарын сақтау, қызметкерлер үшін ванна бөлмесі, вестибюль қарастырылған,- деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, «Алтыншы» және Шағырлы ауылдарындағы медициналық пункттер биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.