Құрманғазы ауданында бокстан Ж.Нәжімеденов атындағы турнир басталды

Құрманғазы ауданында бокстан Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі, белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

11-12 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Сіздерді бүгінгі еліміздің Әнұраны авторларының бірі, белгілі ақын, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің рухына арналған бокстан жасөспірімдер арасында ашық Республикалық турнирдің ашылу салтанатымен құттықтаймын! Бұл республикалық турнир ауданымызда осымен  12 мәрте ұйымдастырылуда. Дәстүрге айналған бұл турнирде шаршы алаңға түсетін спортшыларға сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімі.

Республикалық турнирде көршілес Өзбекстан елінен, Астана, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Атырау қаласы мен аудандардан келген 250-ге жуық боксшы бақ сынамақ. Жарысқа он екі төреші қазылық етіп, қорытындысында жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағы беріледі.

Айта кетейік, аталған дода 6 қарашаға дейін жалғасады.