Спорт - 13.10.2023

Атырауда бокстан халықаралық турнир басталды

Атырауда бокстан 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында қала күніне орай «Модернстрой-Атырау» мекемесінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» порталы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып.

Салтанатты шараға Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, Атырау облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық Бокс федерациясының атқарушы директоры Батырхан Қалықов, «Модернстрой-Атырау» мекемесінің басшысы, кәсіпкер Идирис Гаджибеков қатысты.

— Бұл додаға Қазақстаннан өзге Ресей, Өзбекстан және Қырғыстаннан келген спортшылар да бақ сынауда. Турнир «Модернстрой» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, ұйымдастырушыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Мұндай сайыстар салауатты өмір салтына серпін берері сөзсіз,- деді Б.Қалықов.

Айта кетейік, 15 қазанға дейін өтетін жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден өзге, еліміздің Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарынан барлығы 17 команда, 150-ден астам спортшы қатысуда. Оның ішінде Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп интернаты мен «Модернстрой-Атырау» құрама командалары да бар.

 

Фото atpress.kz сайтынан алынған.