Автомобиль жолдарын қысқы мезгілге дайындау жұмыстары жүргізілуде

Өңірде автомобиль жолдарын күтіп ұстау және қыс мезгіліне дайындау жұмыстары жүзеге асуда. Бұл туралы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, бүгінде облыстық жолдар 10 бірлік, аудандық және ауылішілік жолдар 64 бірлік, қала мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жолдар 42 бірлік арнайы техникалармен жабдықталған.

— Бізде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары арнайы мердігерлік ұйымдарға тапсырылған. Қазір жолдарды қыс мезгіліне дайындау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 116 бірлік арнайы қар тазалау техникалары, 1500 тонна көмір мен тайғаққа қарсы 2000 тонна тұз, 1500 литр реагент, 100 тонна топырақ және 40 тонна жанар-жағар май қорлары дайындалуда. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жол жиектеріндегі шөптерді шабу, шұңқырларды жөндеу мен жол белгілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, — деді Ә.Мұханбеталиев.

Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар, қала және елді мекендердегі автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезінде өзара іс-қимыл бойынша «Қазгидромет» РМК, Төтенше жағдайлар департаменті және Полиция департаментімен Жол картасы жасақталып, бекітілген.

Айта кетейік, облыс бойынша автомобиль жолдарының  жалпы ұзындығы 6598,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1125,6 шақырым республикалық, 1927 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Ал 1910,9 шақырым ауылішілік, 1634,9 шақырым қалалық және қала аумағына қарасты елді мекендердегі жолдар бар.