Атырауда аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған күдікті ұсталды

Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Авангард ықшам ауданында орналасқан көпқабатты пәтерлердің бірінде есірткі заттарын сақтаумен айналысады деген күдікпен 1963 жылы туған қала тұрғынын анықтап, ұстады. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Оны тінту кезінде сырт киімінің қалтасынан өзіне тән иісті өсімдіктектес зат салынған 12 орам тәркіленді. Сондай-ақ, пәтер ішінен сұйықтық ыдыста кептірілген көкнәр және жасыл түсті өсімдіктектес 29 сіріңке қорабы табылды.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша алынған заттардың салмағы 4.04 грамм болатын аса ірі мөлшердегі «экстракциялық апиын» есірткісі екені белгілі болды.

Экстракциялық апиын – шикі апиыннан әртүрлі өңдеу және суды буландыру арқылы алынатын есірткі өнімі.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның бұрын да есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен сотталғаны анықталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.