Атырауда жасырын казино анықталды

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының көмегімен жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде, «Бомонд» кафесінің VIP залында орналасқан жасырын казино қызметінің жолын кесті.

ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, казиноның ұйымдастырушылары пандемия кезінде карантин режимін бұзып, заңсыз ойын бизнесін жасырын жүзеге асырған.

Оқиға орнын тексеру барысында арнайы кенеп, ойын карталары, «Техас Холдем» покер ойынына арналған чиптер, чиптерге арналған стендтер табылып, тәркіленді. Ойын фишкалары жасырын казино ұйымдастырушыларына тиесілі «Каспий Голд» карталарына ақша аудару арқылы сатып алынған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 307-бабы 1-бөлімі негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.