300-ден астам атыраулық пәтерлі болды

Атырауда қала күніне орай 300-ден астам атыраулық пәтер кілтін алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Атырау қаласының «Нұрсая» ықшамауданында орналасқан 240 жаңа пәтер мен «Береке» ауданында орналасқан тағы бір көпқабатты тұрғын үйден 70-тен астам пәтер берілді. «Нұрсая» ықшамауданынан баспана бұйырғандардың көбі апатты жатақханада тұрып келгендер.
Қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі – Танзиля Гилажева. Ол қаланың Гагарин 124 мекенжайында орналасқан 70 пәтерлі жатақханада ортақ жалғыз әжетхана болғанын, ыстық сусыз өмір сүргендерін айтады. Аталған нысан 2014 жылы апатты үй деп жарияланған екен.

– Бір үйде үш адамбыз. Қуықтай бөлмеде тұрдық. Ең жаманы – салынғалы жарты ғасыр болған апатты үйде ұзақ жылдар бойы үреймен өмір сүрдік. Соңғы 5 – 6 жылда қалалық және облыстық әкімдіктің есігін тоздырып, мәселеміз шешімін таппай келген болатын. Қала күні қарсаңында жаңа баспана бұйырды, облыс басшылығына және қала әкіміне алғысымды білдіремін. Қуанышымызда шек жоқ. Үйді қазір басыбайлы өз атымызға аударып, құжаттарын реттеп толық меншігімізге беріп жатыр, – деді Танзиля.

Ал «Береке» ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйден көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға пәтер берілді.