Атырау – Ақтөбе тасжолында көлік апатынан 9 адам көз жұмды

Атырау – Ақтөбе бағытындағы тасжолда екі көлік соқтығысып, салдарынан 9 адам көз жұмды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.

– Атырау – Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, – деп жазды Тұрғымбаев Facebook парақшасында.

Ведомство басшысы мәлім еткендей, елімізде жол-көлік оқиғаларының 96%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тасжолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзады. Олар жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұның соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырады.

Cтатистика бойынша «тәжірибесіз» жүргізушілердің, яғни көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмендер үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 %-ы ғана тиеді. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады екен. Олар қауіпті тәуекелдерге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді. Сондай-ақ, ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғасының негізгі себептері ретінде жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзуды атайды.