Алыс ауылдарға жедел жәрдем көлігі берілді

Бүгін Индер аудандық ауруханасында шалғай ауылдардағы амбулаторияларға заманауи су жаңа бес көліктің кілті табысталды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Жаңа көліктер Индер ауданына қарасты Бөдене, Жарсуат, Есбол, Көктоғай, Елтай ауылдарына берілген.

– Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Индер ауданына бес жедел жәрдем техникасы бөлініп, шалғай жатқан ауылдар осы жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған арнаулы көліктерге ие болды. Барлық медицина қызметкері атынан демеу көрсеткен жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Осы жедел жәрдем көліктері арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетеміз деген ойдамыз, – деді Индер аудандық ауруханасының директоры Анар Доспаева.

Осыған дейін «УАЗ» автокөлігін тізгіндеген жедел жәрдем жүргізушілері енді су жаңа «ГАЗель» автокөлігімен халыққа қызмет ететін болады.