Денсаулық - 10.10.2023

Атырауда 7754 адам тұмау және ЖРВИ жұқтырған

Биыл қазан айынан бастап тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекция тіркелуінің жоғарылауы байқалған. 1 қазаннан бастап 7754 адам тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекция жұқтырған. Оның ішінде ЖРВИ-мен 6998, тұмаумен 9, бронхитпен 746 адам тіркеліпті. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінгі күнде инфекциялық стационарда ЖРВИ бөлімшесінде 83 адам ем қабылдауда. Оның ішінде балалар саны — 63, жүкті әйелдер — 17, ересектер — 3.

— Биыл облыс бойынша тұмауға қарсы «Гриппол +» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынып, 1 қазаннан бастап вакцинациялау маусымы басталған болатын. Қазіргі таңда өңір бойынша жедел-жәрдем көмегінің 50 бригадасы қызмет атқаруда. Оның ішінде 26 бригада қала бойынша, ал 24 бригада аудан бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай басқармамен бірқатар жұмыс жүргізілуде. Нақтырақ айтсам, мобильді топтардың жұмысын жандандырып, сүзгі (фильтр) кабинеттердің жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар, балаларға, жүкті әйелдерге үйден қарау, микроаймақтар бойынша үй аралау, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде науқастардың жағдайын бағалау көмектері ұйымдастырылды. Оған қоса балалардағы тұмау кезінде лезде сапалы көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандардың топтары құрылды, — деді Қ.Абдалиев.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері емханаларға мониторинг жүргізіп, облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының, №2 облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің жүктемелерін тексеріп, үздіксіз бақылап отырады.

Сөз соңында басқарма басшысы тұрғындарды жаппай тұмауға қарсы вакцина алуға шақырды.