Биыл өңірде Damubala.kz арқылы 10458 бала тегін үйірмемен қамтылған

Облыста Damubala.kz платформасындағы «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» жобасы негізінде былтыр 27 түрлі үйірме болса, биыл 29 түрлі тегін үйірме қызмет көрсетеді. Оларға балалардың 3%-ы және биыл қаңтар-мамыр айларында балалардың 5%-ы, яғни 10458 бала қамтылған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат Аккажиева баспасөз брифингінде мәлім етті.

Ваучерлердің ішінде ең көп сұранысқа ие үйірмелер — «Ұлттық би», «Кескіндеме, сурет», «Домбыра», «Заманауи би», «Эстрадалық вокал» және «Халық әндерін айту»

— Шығармашылық үйірмелерге бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын бағалау және талдау мақсатында облыс тұрғындарына анонимдік сауалнама жүргізген болатынбыз. Оған 969 респондент қатысты. Сауалнаманың қорытындысымен тегін үйірмеге қатысу арқылы балаларының күш-жігері мен қызығушылығының дұрыс арнаға бағытталып, бос уақытын тиімді пайдалануы, сондай-ақ, өнерге бейімделуі сынды қабілеттерінің дамығанына риза болған ата-аналар оң пікірлерін білдірген. Яғни, аталған жоба қоғамның көңілінен шығып, оң нәтиже бергенін көрсетті. Жобаға сәйкес бюджет есебінен бір баланың үйірмеге қатысуына орташа есеппен 14 мың теңге жұмсалатынын ескеретін болсақ, бұл ата-аналар үшін, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін өте тиімді, — деді Л.Аккажиева.

Сондай-ақ, брифинг барысында «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасына сәйкес балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 жаңа ірі нысанды ашу жоспарланғанын жеткізді.