Әкімдік 363 млн. теңгені негізсіз жұмсамақ болған
Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдігі мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзған, деп хабарлады Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ақжар ауданы экономика және қаржы бөлімінің лауазымды адамдары «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 14-бабының талаптарын бұза отырып, ведомстволық сараптамадан өтпей, 3 ауылдағы жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізген.
Прокурорлық қадағалау шараларымен қабылданған сатып алулар жойылып, нәтижесінде 363 млн. теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол берілмеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Басқа жағдайда, осы ауданда ауылдық округ әкімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның талаптарына қарамастан, Талшық ауылындағы кентішілік жолдарды жөндеуге арналған шарт бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 7 млн. теңге көлемінде төлем жүргізген.
Қадағалау актісі және Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары бойынша ауылдық округ әкімі мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бюджет қаражатын өтеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.