Көршісінің атына 6 несие рәсімдеген

Атырау облысы, Жылыой ауданының 1954 жылы туған тұрғыны жасырын шағын несие рәсімдеген және банк картасынан жасырын түрде ақша иемденген 1993 ж.т. көршісіне қатысты Жылыой аудандық полиция бөліміне арыз жазған.

Аудан тұрғынының арызы азаматтық сотқа жолданған, алайда шағымданушы оған қанағаттанбай, қылмыстық іс көтеруді талап еткен. Осы іс бойынша Жылыой аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция лейтенанты Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, 1993 ж.т. азаматшаға бұндай теріс қылық әрекеттің салдары мен себептерін түсіндірген. Нәтижесінде, күдікті бір жыл бойы төленбеген несиені бір ай ішінде өтеген.

– Менің несие тарихымда үлкен көлемде 1 және шағын 5 несие болды. Бұл несиелерді 1993 ж.т. көршім менің жалғыз тұратынымды пайдаланып, сеніміме кіру арқылы алған болатын. Мен де оны басында өз қызымдай көріп көмектескен едім, алайда ол кейіннен «несиелерді мен алмадым» деп мойындамай, әбден әбігерге түсірді. Осы жабылмаған несиелердің кесірінен зейнетақымды ала алмай қалдым. Осылайша, менің арызым бойынша Жылыой ауданы полиция бөлімінің анықтаушысы Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, бір жыл бойына шешімі табылмаған мәселемді бір ай ішінде жәй ғана түсіндіру жұмыстары арқылы шешіп берді. Осы ретте, Әділбек Елдеспаевқа үлкен алғыс білдіре отырып, жұмысына табыс, абырой-бедел, сәттілік пен өрлеу серік болсын деп тілек білдіргім келеді. Осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қызметкерге әрқашан қолдау көрсетіп, алғыс жариялау керек деп ойлаймын, – деп Жылыой ауданының тұрғыны өз ризашылығын жеткізді.

 

Фото tengrinews.kz сайтынан алынды.