Жаңалықтар - Заң - 26.10.2023

Атырауда 753 адам көлік басқару құқығынан айырылған

Биылғы 9 айда Атырау облысы соттарында 753 тұлғаға қатысты көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл туралы Атырау облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева мәлім етті.

— Биыл көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқару немесе осындай күйдегі адамның басқаруына берген 527 тұлға анықталып отыр. Бұл — Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша құқық бұзу. ӘҚБтК 596-бабы, яғни көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу бойынша 108 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды, — деді Т.Уәлиева.

Сонымен қатар, ӘҚБтК 590-бабымен  25 тұлға, 610-бабымен 37 тұлға, 613-бабымен 18 тұлға, 611-бабымен 5 тұлға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабымен 33 тұлға кінәлі деп танылған.

Айта кетейік, ӘҚБтК баптарымен қаралған істер бойынша 6 ай мен 8 жыл аралығында жүргізуші куәлігінен уақытша айыру жазасы тағайындалған.

Ал облыстық ПД-нің хабарлауы бойынша, мас жүргізушіні анықтау рейдтік жұмыстары күнделікті жұмыс жоспарына енгізілген.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО