«Қарақұдық-1» қорғанынан құйма алтыннан жасалған әшекей-бұйымдар табылды
Биыл тамыз айында Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылындағы «Қарақұдық-1», «Қарақұдық-2» қорғандарына қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, адам сүйектері мен қабір анықталыпты. Ал қорғанның айналасындағы кейбір қабірлерден құйма алтыннан жасалған түрлі әшекей-бұйымдар табылған. Бұл туралы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған екі қорғаннан алтын, әшекей-бұйымдардан бөлек, қазандар шыққан. Сондай-ақ, бірінші қорғаннан 2 қабір, екінші қорғаннан 3 жерлеу орны анықталды. Бұйымдар арасында керамикалық ыдыстар, қанжар және жебе ұштары, қасық пен айна секілді әр түрлі заттар кездеседі.
— Жалпы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі облыстағы археологиялық жұмыстармен айналысатын бірден бір мекеме. Музей биыл наурыз айында жаңа лицензияға ие болды. Әдетте ежелгі заманғы қорғандардың бәрі ойыс әрі алтын іздеушілер мен тайпалардың әсерінен тоналған болып келеді. Сол сияқты біз күткендей «Қарақұдық-1» қорғанының үстінде де ойыс болды. Археологтардың қазба жұмыстары кезінде қорғаннан шашылған бас-сүйектер мен алтын әшекейлер табылды. Мұның өзі ғылым үшін, жалпы музей үшін үлкен маңызы бар жаңалықтардың бірі. Сондай-ақ, табылған адамның бас сүйектері бүгінгі күнге дейін жеткенімен, сақталуы өте нашар. Алдын ала зерттеу жұмыстарына қарағанда, бұлардың барлығы біздің эрамызға дейінгі 5 ғасырды қамтиды. Археолог ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі басты ерекшелік — қорғаннан табылған бұйымдардың нағыз құйма алтыннан жасалғандығы,-деді М.Кипиев.
Сондай-ақ, ол 2024 жылы ұлттық құрылтай Атырау облысының ең көне, тарихи қаласы — Сарайшықта өтетінін атап өтті.