Атырау облысына 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалды. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Бұл үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеді.

Бұдан бөлек, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы баспаналы болады.

Жалпы, Кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

– Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады. Мәселе – бөлінген қаражатты тиімді жұмсауда. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктің басты жұмыстарының бірі, – деді Президент.

Үкіметке бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекіту тапсырылды.

Кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.