Сарайшық ауылында жол төсеніш тастарын шығаратын цех іске қосылды

Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды, дейді «Батыс-Инфо»

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, шағын цехты іске қосқан Сарайшық ауылының тұрғыны, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан — Ерлан Шугайпов. Кәсіпкер осы кәсіпті ашу үшін мемлекеттен 1 млн. 280 мың теңге қайтарымсыз қаржы алған.

Ал кәсіпкердің өзі жұмысын игеруге ғаламтордың көмегі тигенін айтып отыр.

— Негізгі мамандығым — мұнайшы. Бірнеше жыл Қашаған кен орнында еңбек еттім. Жұмыстан босағасын, бір кәсіп ашуды ойладым. Ойлана келе қазіргі таңда сұранысқа ие, заманауи төсеніш тастарына тоқталдым. Екі жыл бойына ғаламторды ақтарып, құрамына не қосатынын, қалай жасалатынын зерттедім. Әбден дайындалып, өзіме сенімді болғанда, жұмыспен қамту орталығына қайтарымсыз грантқа құжат тапсырып, жобамды сәтті қорғап, 1 280 000 теңгеге ие болдым,- деді Е.Шугайпов.

Оның айтуынша, қаржыға құрал-жабдықтар, құрамына қосатын қоспаларын сатып алған. Тас шығаратын құрылғыны өңірден таба алмаған соң, тағы да ғаламтордан қарап, өзі жасап шығарған.

— Цехты ашып, жұмысымды бастадым. Қазір 40 шаршы метр төсеніш дайындап қойдым. Бір шаршы метрін 3 мың теңге деп отырмын. Тапсырыс көп болса жеңілдік жасаймын. Аптаның бір күні, яғни жұма күні аудан аумағына жеткізіп беру тегін. Бір күнде 150 дана тас шығарамын,-деді кәсіпкер.