“Бизнестің жол картасы” аясында 550 жұмыс орны ашылады

Кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие бағдарламалардың бірі — 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Бұл жоба аясында осы жылы бюджеттен 11,4 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде бүгінгі күнге несие сомасы 35,8 млрд. теңгені құрайтын 816 кәсіпкер жобасы қолдау табады деп күтілуде. Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыров мәлім етті. 

Биыл аталған жоба шеңберінде мемлекеттік қайтарымсыз грант қолдау құралына бюджеттен 106 млн. теңге бөлінді.

— Жоба аясында бюджеттен 11,4 млрд. теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде 816 кәсіпкер жобасы қолдау тауып, олармен 550 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтудеміз. Оның ішінде «Субсидиялау» құралы шеңберінде 428 жоба, «Кепілдендіру» құралы шеңберінде 388 жоба бар. Былтыр аталған жобаға қатысушылардан бюджетке 8 млрд. теңге қаражат салық түскен болатын. Сонымен қатар, қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Мәселен, 2013-2022 жылдары жергілікті бюджеттен 3,8 млрд. теңге бөлініп, 718 жаңа жұмыс орындарының құрылуымен 567 бизнес нысан қолдау тапты. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы субъектілерге мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау тетіктері бойынша ақпараттық-түсінік жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл 1 қазанда облыс бойынша 4 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі республикалық әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізілді, — деді С.Сабыров.

Айта кетейік, биыл қазан айының 23-27 аралығында мемлекеттік қайтарымсыз грант конкурсына құжаттар қабылдау басталады.