«Бизнеске жол» жобасы аясында 853 кәсіпкердің құқығы қорғалған

«Бизнеске жол» жобасы басталғаннан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне кәсіпкерлік субъектілерінен 64 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 22 өтініш бойынша мәселелер оңынан шешіліп, 1 өтініш кері қайтарылған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 15 өтінішке жазбаша түсініктеме берілсе, қалған 26 өтініш қаралу үстінде. Бұл туралы аталған департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кәсіпкерлер Атырау облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім бөлімі және «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының» жергілікті филиал қызметкерлері «Qazna Face» пилоттық жобасына қатысу бойынша қойылған негізсіз талаптарға қарсы шағымданған.

Айта кетейік, «Бизнеске жол» жобасы аясында 5 мониторинг жүргізілген. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы бойынша – 2, білім беру мекемелеріне қоғамдық тамақтандыру мен қала алаңдары және аллеяларында көше ойын-сауықтарын ұсыну саласында – 1, сұйытылған мұнай газын бөлу саласында 1 мониторинг жұмыстары жүргізілген. Оның төртеуі  шешіліп отыр.

Жүргізілген мониторинг бойынша 23 ұсыным енгізіліп, оның ішінде 10 ұсыным орындалған. Мысалы, сұйытылған мұнай газын сатуға квота беру саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

Сондай-ақ, Е.Серікқалиевтің айтуынша, мониторинг шеңберінде газ жеткізу көлемінің және кірістердің азаюы салдарынан шығынға ұшыраған 27 кәсіпкердің құқығы қорғалған.