Сарайшық ауылының көше жарығы LED шамдарға ауысады

Сарайшық ауылішілік көшелерін күңгірттеу (диммирование) әдісімен толық жарықтандыру жұмыстары басталды. Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сарайшық ауылының 9,7 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелеріне LED шамдары қондырылуда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың айтуынша, энергияны және бюджеттің қаржысын екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін бұл әдіс Атырау облысы бойынша алғаш рет пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр.

— Сарайшық ауылында көше жарығына бұған дейін сынап шамдар (ДРЛ) қондырылған болатын. Бұл шамдар электер энергиясын көп жұмсайды, әрі үш ай сайын күйіп кететіндіктен, қайта ауыстыруға тура келетін. Оның себебі түнімен жарқырап жанып тұратындықтан шыдай алмайтын. Ал енді қондырылып жатқан LED шамдардың ерекшелігі жарықты смартфон арқылы басқаруға болады. Түнгі сағат 12-ден кейін жарығын азайтып, таңғы 5-те қайта көбейте аламыз. Қажеттілігіне қарай әр көшені әртүрлі басқаруға болады. LED шамдары ДРЛ шамдарына қарағанда энергияны 50-70 пайызға дейін аз жұмсайды. Ұзаққа шыдайтындықтан бюджет шығындары да екі есеге дейін төмендейді,- деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, жобаның жалпы құны 450 млн. теңге. Биылға 50 млн. теңге қаржы қаралған. Жобаны ұтып алған «Саф-Баракат» ЖШС жұмысты бастап, қазірдің өзінде 40 бағана қондырылған.

— Бағаналары арнайы төзімді материалдан жасалған. Биылғы қаралған қаржыға 162 бағана қондырылып, сымдары тартылып, 352 дана LED шамдары орнатылмақ. Бұл жұмыстар қазан айының 15-не дейін аяқталады. Қалған қаржысы қаралса, Сарайшық ауылының 10 шақырым көшесін жылдың аяғына дейін толықтай жарықтандыратын боламыз,-деді С.Кенжебаев.