Мәдениет - 27.09.2023

Атырауда «Күй атасы — Құрманғазы» атты күйшілер сайысы өтті

Жұмыскер мәдениет үйінде дауылпаз күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй атасы – Құрманғазы» атты ашық қалалық күйшілер сайысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Сайыс Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттауымен ерекшеленеді. Ұлы күйшінің мұрасы — ұлтымыздың рухани байлығы, күй сазының алтын қазығы. Сондықтан күмбірлеген күй өнерінің сиқырлы үнін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре отырып, дарынды жастарымызды халыққа таныту – іс-шараның негізгі мақсаты.

Іс-шарада Құрманғазы мәдениет сарайының директоры Мақсот Торпақов тілек білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Қазақ даласына қарасақ, ең бірінші күй атасы Құрманғазы есімізге түседі. Қазақ ұлтының бай мұрасын «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» және тағы басқа мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлермен толықтырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімін білмейтін жан жоқтың қасы. Ұлтының бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен күй атасы халқының тәуелсіздікке жетуін армандап кеткен тұлға,-деді М.Торпақов.

Сайысқа 16 мен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Шарт бойынша Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындау міндетті саналды. Сондай-ақ, талапқа сай «Терісқақпай», «Қайран шешем», «Ақбай», «Ілме», «Қапы» күйлері билет суыру арқылы таңдалды. Оған қоса, өз қалауынша Дина Нұрпейісованың бір күйі орындалды. Бақ сынауға Атырау қаласы, Береке ауылы, Атырау ауылдық округі, Мақат, Исатай аудандарынан 9 үміткер қатысты.

Ал қатысушылардың орындау шеберлігін бағалап, сарапқа салатын қазылар алқасының құрамында ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Клара Жолдасова, ҚР Мәдениет қайраткері Шарипа Жәменова, «Шабыт» және «ҚР Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев болды.

Сайыс қорытындысы бойынша, атыраулықтар Жаннұр Қуаныш 1-орын, Дәулет Қайыржан 2-орын, Темірғали Оразов пен Алидан Жаденов 3-орынды иеленді. Ал исатайлық Жанарыс Оспанов арнайы дипломмен марапатталды.

 

Фото atpress.kz сайтынан алынды