Аймақ - Әлеумет - 09.04.2021

Атырау мен Құрманғазы арасына жолаушылар пойызын жүргізу мәселесі қаралды

«Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІІ сессиясында айтылды» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Жиынға аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов, орынбасарлар мен бірқатар басқарма басшысы, бейнеселекторлық режимде аудандық мәслихат хатшылары, аудан әкімдері қатысты.

Сессияда облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев қазіргі таңда облыс орталығы мен Құрманғазы ауданына қатынайтын жолаушылар пойызының қажеттігін алға тартты.
«Бұрын Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданының арасында Душанбе-Москва, Ташкент-Саратов пойыздары қатынап келген болатын. Карантиндік шектеулерге байланысты бұлар уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 277 шақырым болатын Атырау-Астрахань бағытында республикалық жол күрделі жөндеуден өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар 2022 жылы аяқталады деп жоспарлап отыр. Осы тұрғыда 60 мыңға жуық Құрманғазы ауданы мен 30 мыңға жуық Исатай ауданының тұрғындары үшін облыс орталығына қатынау қиындық туғызып отыр. Сондықтан, Атырау қаласы – Д.Нұрпейісова стансасы аралығына қатынайтын пойыздың кестесін шығаруды ұсынамын»,- деді Әсет Оразғалиев.

Сонымен қатар, пойыз кестесіне сай аралықтағы тоқталатын стансалар мен вокзалдардың жай-күйі пысықталды.
«Исатай, Құрманғазы аудандарының әкімдері, мәслихат депутаттарымен келсе отырып, аудан халқы ертеңгілік облыс орталығына келіп, кешкісін кері оралу үшін жүру кестесін бекіттік. Яғни, пойыз 18.00-де Атырау қаласынан шығады, 01.00-де соңғы аялдамасы Д.Нұрпейісова стансасына жетеді. Кері қарай сағат 02.00-де шығып, облыс орталығына 09.00-де келеді.
Билет құнына келер болсақ, плацкарт вагонымен есептесек, Аққыстау селосына 218 тг, Исатай стансасына 464 тг, соңғы аялдамаға дейін 1200 тг құрайды. Вагон санына келер болсақ, 54 орынды бір плацкарт, 81 орынды екі жалпы үлгідегі вагон»,- деді Атырау магистралдық желі бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.

Өз кезегінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ұсыныстың тез арада шешімін табу керектігін баса айтты.
«Аталған бағыттағы темір жол қатынасының аса қажеттігін бәріміз біліп отырмыз. Сол себепті тиісті жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Біз қалай болса да халыққа ыңғайлы жағдай жасауымыз керек. Сондықтан, жуық арада мәселе шешімін табуы тиіс»,- деді өңір басшысы.

Айта кету керек, Құрманғазы ауданына қатынайтын пойыз әр күн сайын аптаның жеті күні жүрмек.