Қызыл кітапқа енген құстарды шекара асырмақ болғандар ұсталды

Атырауда Қызыл кітапқа енген құстарды шекара асырмақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Комитет қызметкерлері 17 қыркүйекте Атыраудағы әуежайдан 28 ителгіні өзге мемлекетке әкеткісі келген шетелдіктер мен Қазақстан азаматтарын ұстады. Олар сирек кездесетін құстарды Таяу Шығысқа апармақ болыпты. «Келтірген шығын 200 млн. теңгеден асады»,-ҰҚК қызметкерлері.

Одан бөлек, күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде ителгіні ұстауға арналған арнайы жабдықталған бөлме мен оларды ұйықтатып тастайтын медициналық құралдар табылған.

Ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК 339-бабының 3-бөлігі (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.