Жаңалықтар - 05.10.2020

Елімізде шерифтер пайда болуы мүмкін

Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде шерифтер пайда болуы мүмкін. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ішкі істер министрлігінің кадр саясаты депаратментінің бастығы Айдар Сайтбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан АҚШ, Ұлыбритания мен Канада сияқты мемлекеттерде кеңінен тараған шерифтер моделін зерделеп шығуды жоспарлап отыр. Ол жағынан АҚШ елшілігі көмектесуге дайын екен.

Шериф – әкімшілік-соттық лауазым. АҚШ-та шериф округтық полицияның басшылығында тұрады. Ал Ұлыбританияда графтықтардағы үкіметтің негізгі өкілі саналады. Осы орайда департамент басшысы «Полиция жақын жерде» қағидатының мән-маңызын да түсіндіріп өтті.

– Бұл полицияның бәрі дәл қазір көшеге шығуы тиіс деген сөз емес. Құқық қорғаушылар полицияның көмегі қажет жерде ғана жүру керек. Шартты түрде үш орын бар. Біріншісі – қауіпсіз орын, ол жерде полицияның қажеті жоқ. Екіншісі – ішінара қауіпсіздік орны, ондайда белгілі бір уақытта, мысалы, адам көп жиналған кезде полиция келеді. Үшіншісі – қауіпті орындар, ол жерде құқық қорғаушылар үнемі жүруі керек, – деді Сайтбеков.