Қожалық қызметкері жоғалып-табылды⁩

Индер ауданынан мал бағуға шығып, адасып кеткен азамат көрші облыстан табылды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Индер аудандық полиция бөліміне 20 қыркүйек кешкі сағат 22:00 шамасында Өрлік ауылының тұрғынынан «Көкат» шаруа қожалығының 51 жастағы жұмысшысы Аманкелді Есовтің мал бағуға шығып, қайта оралмағаны туралы хабар түскен. Аудан полицейлері жедел іздестіру жұмысын хабар түскен сәтте бастағанмен, бір күн бойы ешқандай нәтиже бермеді. Бірақ полиция қызметкерлері іздестіруді тоқтатпай, нәтижесінде Амангелді Есовті келесі күні, яғни 22 қыркүйекте таңғы сағат 03:30 шамасында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы «Сабила Құдық» учаскесінің шабындық жерінен тапты.
Қожалық жұмысшысының айтуынша, ол ауылға оралар жолда адасып кеткен. Екі күн бойы тамақ ішпей әбден әлсіреп, жауын астында қалған. Полиция қызметкерлері оған дереу алғашқы көмек көрсетіп, киімдерін ауыстырып, аман-есен үйіне жеткізді.