Карантин қайта енгізілсе жұмыссыздарға 42 500-ден көп төленуі мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың мәлімдеуінше, карантин кезеңінде жұмысынан айырылғандарға төленетін төлемнің мөлшерін көбейту туралы ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Еңбек министрі карантин қайта енгізілсе, ол көп адамның жұмысынан уақытша айырылуына, сәйкесінше кірістерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін де атап өтті.
– Осыған байланысты біз жедел шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек. Инфрақұрылымдық жобалардың есебінен жұмыс орындарын сақтау және жаңасын құру, жұмыспен қамтудың жол картасын жалғастырып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша субсидияланған жұмыс орындарының көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Қысқартылған жұмыс режиміне көшу кезінде жалақының бір бөлігі ең төменгі жалақы деңгейінде өтелуі немесе субсидиялануы мүмкін. Карантин кезеңіндегі жұмыссыздар үшін жұмысынан айрылған кезеңге төленетін төлем мөлшерін көбейту бойынша ұсыныстарды жоспарға енгізу жайы қарастырылып жатыр, – деді Нұрымбетов.