Бетперде тақпағандардан 1,5 млн өндірілді
Отандық әуе тасымалдаушылар ұшақта маска тағудан бас тартқан жолаушыларға 1 416 780 теңге айыппұл салынғаны туралы айтты.
Air Astana әуе компаниясы таратқан ақпаратта, жолаушылардан бүкіл рейс бойы масканы тағып, оны тек тамақтанған кезде шешуге міндетті екені ескертілген. Бұл көлік жөніндегі бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген. Маска тағу тәртібін және басқа карантиндік талаптарды бұзушылар одан әрі әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына тапсырылады. Соңғы 4 айда маска тағу тәртібін бұзғаны үшін 17 жолаушыға жалпы алғанда 1 416 780 теңгеге айыппұл салынған.
Айыппұл мөлшері – 30 АЕК. Бұл – 83 340 теңге. Сонымен қатар, жолаушылар өздерінің іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеуге міндетті. Маска тағу тәртібін сақтамау салдарынан рейстің кешігуі немесе жоспардан тыс қону әуе компаниясына он мың АҚШ долларына шығын келтіруі мүмкін.