182 медқызметкер коронавирустан көз жұмды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте пандемия кезінде инфекция жұқтырып ауырған және көз жұмған медқызметкерлер мен оларға төлену қажет өтемақы туралы айтты.
Оның айтуынша, 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша коронавирус және пневмониямен ауырған 12 830 медицина қызметкері тіркелген. Оның ішінде 8 339 жағдай кәсіби қызметпен байланысты. Өңірлік комиссиялар 8 320 жағдайды тексеріп, оның 67%-ын растаған. Жалпы, бүгінгі күні медицина қызметкерлерінің 88%-ы немесе расталған жағдайлардың жалпы санының 3 454-і коронавирус ауруы бойынша өтемақы алды.
Сондай-ақ, министр пандемия басталғалы бері Қазақстан 182 медицина қызметкерінен айырылғанын атап өтті.
– Өңірлік комиссиялар бүгінде өтемақы алу үшін қайтыс болған дәрігерлердің туыстарынан келіп түскен 58 өтінішті мақұлдады. Қазіргі уақытта 36 отбасы өтемақы алды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді ол.