Кеше 934 атыраулық коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды

Атырау облысында халықты пандемияға қарсы жаппай вакцинациялау жалғасуда. Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

12 сәуірдегі мәліметтер бойынша, «Спутник V» вакцинасының I компонентін 934 адам алған. Оның ішінде 36 медицина қызметкері, 53 педагог, 72 полиция қызметкері, 13 студент, 4 жабық мекеме қызметкері, құқық қорғау органдарының 17 қызметкері, 28 мемлекеттік қызметкер, созылмалы аурумен ауыратын 6 адам, 705 басқа да жергілікті тұрғын бар.

Жалпы, 1 ақпан мен 12 сәуір аралығында «Спутник V» I компонентімен 9 037 адам вакцинацияланды. Ал II кезеңінен 2 870 адам өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде Атырау облысында халықты жаппай вакцинациялау басталды. Атырау облысының әрбір тұрғыны коронавирус инфекциясынан өз еркімен екпе ала алады. Ол үшін тіркелген жері бойынша емханаға өтінішпен баруы қажет. Сондай-ақ, 9 сәуірде аймаққа 8 мың доза вакцина келген болатын.