АМӨЗ қызметкерлері COVID-19-ға қарсы екпе алуда

ҚР Президентінің халықты жаппай вакцинациялаумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «АМӨЗ» ЖШС-де COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы екпе салу науқаны басталды.

«Медикер-Жайық» ЖШС клиникасы ерікті түрде екпе алуға келген зауыттықтар үшін арнайы алаң дайындаған. Қазіргі уақытта зауыттың 130 қызметкері екпе салдырды.
Екпе алмас бұрын дәрігер-терапевт барлық қызметкерлердің дене қызуын, қан қысымын, қандағы оттегінің деңгейін өлшей отырып, тексерістен өткізеді.

Сонымен қатар, қызметкерлердің медициналық карталарын мұқият зерттеп, созылмалы аурулар мен аллергиялық реакциялардың болу мүмкіндігін анықтайды.
Вакцинация эпидемияға қарсы барлық талаптарды сақтай отырып, ресейлік «Спутник V» препаратымен екі кезеңде жүргізіледі.

Зауыт жанындағы «Медикер» ЖШС медициналық орталығының меңгерушісі Галина Аубакированың айтуынша, екпе алған адамдар инфекциядан жақсы қорғалған және вирус таратушы болып есептелмейді. Бұл кәсіпорын қызметкерлерінің қызметін қауіпсіз жалғастыруға мүмкіндік береді.

Өзін және жақындарын вирустан қорғауға шешім қабылдаған алғашқы қызметкерлердің қатарында еңбекті ұйымдастыру және еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы Гүлнар Достанова:
-Мен өзімнің, жақындарым мен әріптестерімнің денсаулығына қауіп төндірмеу үшін COVID-19 қарсы екпе салдырдым. Қазіргі таңда өзімді жақсы сезінемін. Сол үшін де дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін. Мен вакцинацияны пандемиямен күрестегі маңызды қадам деп санаймын.

Айта кетейік, өткен жылдан бастап кәсіпорында қатаң бетперде режимі сақталып, аумақтағы жұмысшылардың қозғалысы шектелді.

Қызметкерлер мекемеге кірер уақытта жоғары дәлдіктегі температураны бақылау жүйесімен тексеріледі. Сонымен қатар күн сайын барлық бөлмелер антисептиктермен өңделеді.

Зауыт өз қызметкерлерінің саулығына аса мән береді және вакцинация қызметкерлердің денсаулығын қорғау жүйесінің маңызды буыны болып табылады.