Вакцинация: тұрғындардың белсенділігі жоғары

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аймаққа 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап «Спутник V» вакцинасының 15 200 дозасы жеткізілген. Бұл туралы Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев айтты.

Оның айтуынша, 3 сәуірде аймақта жаппай вакциналау жұмыстары басталды. 1 ақпаннан бастап аймаққа вакцинаның 15 200 дозасы жеткізіліп, 9 037 адам екпе алды. Вакцинаның 4 000 дозасы Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын, «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлеріне бөлінді.

– Атырау облысы әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндірме жұмыстары оң нәтиже беруде. Оның дәлелі тұрғындар тарапынан вакцинаға байланысты көп ақпарат алуға бейілді болып отыр. Мысалға айтар болсақ, ақпан айында біз тәулігіне 150-200 адамға екпе салған болсақ, қазір олардың саны 600-700 адамға артып отыр. Өткен тәуліктің өзінде 923 адам вакцина қабылдап үлгерді, – деді Асхан Байдувалиев.

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қала аумағында орналасқан екпе пунктерін аралап, жұмысымен танысқан еді. Ол вакциналардың жеткілікті екеніне көз жеткізіп, екпенің сақталу жағдайымен танысып, тұрғындармен сұхбат құрды.

– Екпе алуға 70-80 жасқа таяп қалған адамдардың келуі де қуантарлық жағдай. Көріп отырғанымыздай, тұрғындардың белсенділігі артып келеді, – деді А. Байдувалиев.