Ауруханаларға отандық өндірістегі көліктер мен аппараттар жеткізіледі

Осы жылдың қараша айына дейін елдегі ауруханалар мен емханалар үшін мыңнан аса отандық өндірістегі жедел жәрдем көлігі сатылып алынады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Біздің министрлік күзгі кезеңге барынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елдегі ауруханалардағы төсек орындардың саны 54 178-ке жетеді. Инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдетудің 3 379 аппараты бар. Қосымша тағы 2 619 аппарат сатып аламыз. Оның ішінде 1 500 аппарат отандық компанияларда өндірілген. Ал жедел жәрдем қызметі туралы айтар болсақ, 2020 жылы отандық өндірістегі 1 167 дана санитариялық автокөлікті сатып алу көзделіп отыр. Олардың бәрі де осы жылдың қараша айына дейін ауруханаларға жеткізіледі, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында.