Биыл мемлекеттік бюджетке 5,5 трлн. теңге кіріс түскен

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 5,5 трлн. теңге кіріс түсті. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысындағы баяндамасында айтты.
– 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 5,5 трлн. теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 95,5% атқарылды. Республикалық бюджетке 3 трлн. 455 млрд теңге түсті немесе жоспар 85% атқарылды. Кіріс бойынша жоспардың атқарылмауы 610 млрд. теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі, – деді министр.
Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығының атқарылмауына бірнеше фактор әсер етті. Олар: негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 14,4%-ға құлдырауы; 854 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 229,2 млрд. теңгеге төмендеуі және екінші деңгейлі банктер түсімінің 9 млрд. теңгеге азаюы.