Қан тамырлар аурулары – тұқым қуалайтын дерт

Атырау облыстық кардиоорталықтың жүрек-қан тамырлар хирургы Ерлан Мәдешовтың мәліметінше, қан тамырлары ауруларына аурудың генетикалық тұрғыда баласына берілуінен де болады.
Қан тамырлары ауруларының себебі көп. Көпшілігі тұқым қуалайтын аурудың қатарына жатады. Мәселен, варикозды алсақ, бұл – генетикалық жолмен берілетін дерт. Бұрын әжесі немесе иә анасы ауырса, ол қызында да кездеседі. Сондай-ақ, ауруды туындататын себептер де болуы мүмкін. Әсіресе, жүктілік кездегі салмақ, күні бойы аяққа күш түсіріп бір орында жұмыс жасау ауруды туындатады. Бір орында тұрғаннан қанайналым нашарлайды, содан кейін аяқта тамырлар үлкейіп, дененің сыртына көріне бастайды. Дегенмен тамыр білеуленіп, аяқта жұлдызша тамырлар пайда болғанда-ақ аурудың алдын алған жөн.⠀
Маманның айтуынша, тамыр кеңейген сайын қанайналым нашарлайды. Қан жүрмеген сайын ағзадағы өзге аурулар септесіп, қанның тамырда ұйып тұруына әкеледі. Содан кейін тромбофлебит пайда болады. Тромбтың асқынуы өлімге дейін апаруы мүмкін.