Ауруханаға түскен науқастардың 3,4 пайызы көз жұмған

№2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына COVID-19 инфекциясымен түскен науқастардың 96,4 пайызы жазылып шықты. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

№2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Жантөре Орысбаеваның айтуынша, пандемия кезінде ауруханаға түскен науқастардың 3,4 пайызы көз жұмған. Қайғылы жағдайдың орын алуы біріншіден, науқастардың дәрігерге кешігіп хабарласқандығы және қосымша созылмалы ауруының асқынуынан. Ауруханадан, сондай-ақ, короновирус жұқпасымен отыз бала, 134 жүкті әйел емделіп шықса, 4 әйел адамға шұғыл ота жасалған. Жүкті әйелдер қосымша ауруларына байланысты эндокринолог, гематолог, кардиолог секілді арнайы дәрігерлерден онлайн кеңес алу арқылы емделді.

Бүгінгі күні №2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 28 науқас ем алуда. Он науқасқа короновирусты пневмонияның анықталған түрі, қалған емделушіге короновирус типті пневмония диагнозы қойылған. Жағдайлары тұрақты. Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр.