Балабақшаны ата-ана таңдайды
Алдағы уақытта ата-аналар балабақшаны өзі таңдайтын болады. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Министрдің айтуынша, 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен 100 пайыз қамту мәселесін іске асырудың екі ерекшелігі бар. Оның біріншісі, мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жекеменшік балабақшаның үлесін арттырып, қамту пайызын өсіру болса, екінші ерекшелік – ваучерлік тетік екен.
Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ваучерлік тетік қолданылады. Қазіргі уақытта жергілікті білім бөлімдері мен басқармалар өткізген конкурста қай балабақшаның тапсырыс алатындығын мемлекет анықтаса, енді оны ата-ана өзі анықтайды. Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған, тиімді деген балабақшаны таңдай алады.