Бес күнде 13 бала жоғалып-табылды

Атырау полицейлері 7 – 12 қыркүйек аралығында жоғалған 13 жасөспірімді тауып, үйлеріне қайтарды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Бес күн ішінде хабар-ошарсыз кеткен жасөспімдер бойынша Атырау қалалық полиция басқармасының «102» операторына 13 хабарлама түскен.
Оның ішінде 3 – 8 жас аралығында сегіз бала, 8 – 14 жасқа дейінгі бес жасөспірім болған. Барлық жағдайда полицейлер балаларды 2 – 3 сағат аралығында тапқан.
Ал 13 қыркүйекте кешкі сағат 7 шамасында Уәлиханов көшесінің бойындағы тұрғын үйдің алдында ойнап жүрген 4 және 6 жастағы бүлдіршіндер ата-анасының қарауынсыз қалып, адасып қалған. Дабыл қаққан ата-ана полицияға жүгініп, кешікпей адасқан балалар үйлеріне қайтарылды.
Аталған оқиғалардың көпшілігі, балалардың ата-аналарының қарауынсыз қалып, үй аулаларынан шығып кетуі салдарынан болған.