Теңіз жағасынан тағы өрт шықты

Атырау облысында Каспий теңізінің жағасындағы қамыс тағы да өртенді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 қыркүйекте сағат 19:45-те ғарыштық бақылау мониторингі арқылы теңіз жағалауындағы қамыстың өртенгені анықталған.
Департаментінің 3 қызметкері оқиға орнына барып, өрттің Атырау қаласынан шамамен 35 км қашықта, Каспий теңізінің батпақты жағалауында басталғанын анықтады. 2 қыркүйекте департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полоквнигі Р. Бляловтың басшылығымен «Eurocopter-145 UP-ЕС033» тікұшағымен Каспий теңізінің жағалауы мен «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағының шекарасындағы қамыс өртіне әуеден барлау жасалып, «Веста» ауданында шамамен 500-800 шаршы метр болатын үш ошақ анықталған. Қазір бұрын өртенген қамыстың орны түтіндеуде. Өртенген аумақтың жалпы ауданы 2 гектарды құрайды.
Ал «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының ұжымы өрттің таралмауы үшін 25 қызметкер мен 7 техниканы дайындап отыр.