Зейнетақы қорындағы ақшаны кімдер және қашан алады?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы ақшаны кімдердің алатынын Үкіметінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте түсіндірді. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.
Министр зейнетақы қорының жеткіліктік шегі мен оның қалай есептелетінін айтып өтті.
Жеткіліктік шегі деген – зейнетақы қорындағы қажетті ең төменгі сома. Оның есебі азаматтың жасына қарай белгіленеді.
Жас мөлшері бойынша:
— 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге;
— 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге;
— 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге;
— 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге;
— 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге;
— 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге.
– Бұлар жинақталған соманың жеткілікті шегі. Осыдан асқан соманы жинақтаушы еркін пайдалана алады, – деді министр.

Сондай-ақ, министр Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары жинағының бір бөлігін қашан шешіп ала алатынын айтты.
– Жылдың соңына дейін Үкіметтің тиісті қаулысы және министрліктің бұйрығы қабылданады деп есептейміз. Соған орай 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап адамдардың осы мүмкіндікті пайдалануы үшін барлығын жасаймыз деп ойлаймын, — деді Біржан Нұрымбетов.